Соғысқа 1941 жылдың қыркүйек айында алынып, оны 1945 жылы Берлинде аяқтаған Тұяқ Кәмелов туралы деректерді бізге баласы Жамбыл Тұяқұлы әкелген еді. «Жарты Еуропаны жаяу өткен» емес, бұл ағамыз төрт жыл бойы темір сауытты жертағаннан түспей, соғыстан денесіне неміс оғынан сызық та түсірмей аман-сау келген екен. Осының өзі-ақ оның қызық тағдырлы адам екенін көрсеткендей ме, қалай?
Тұяқтың ата-бабасы Қорғалжын өңірінің малды-жанды білікті адамдары болған, дін жолына да түсіп, мұсылмандық бесінші парызын атқарып, Меккеге де барған жандар көрінеді. Осындай білікті аталардың арқасында ол көзі ашық, көкірегі ояу жас болып өседі. Алайда, Кеңес өкіметі қазақтың қара құттарының бәрін талқандап, шаңырақтарын ортасына түсірді ғой. Тұяқтың әке-шешесінің де мал-мүлкін тәркілеп, өздерін Көкаралға айдай жаздайды. Әйтеуір, қайыры көп тиген талай жан ара түсіп, оларды атақоныстарында қалдырады.
Алайда, «жеті атасынан бері бай болған» деген мойынтұрық 1919 жылы туған жас азаматтың басына ежелден ілінеді. Сол кездегі түсінік бойынша, бұл «жеті атасынан бері халықтың қанын ішіп, қансорпасын шығарған» дегенді білдіретін. Ондайды кеңестік содыр идеологияның соқыр сеніміне шырмалған шолақ белсенділер кешірер ме? Тұяқтың да соңына олар шам алып түседі. Мектепті жақсы аяқтаған соң фамилиясын өзгертіп, құжатындағы «әкесінің аты» деген жерге арғы атасын көрсетіп, Алматыға оқуға барғанда бұл мәселе бәрібір алдынан шығады. Сөйтіп, «байдың құйыршығы» деп ешқандай оқу орны оның құжатын қабылдамайды. Маңдайы тасқа тигендей болған жас еліне қайтып келе жатып, Қарағандыда екіжылдық мұғалімдер институтының ашылғанын естиді. Кеңес Одағы жылдарында ғана КСРО-ның барлық түкпірінен келген кеншілердің көбеюімен индустриялды шаһар болып құрылған мұнда шолақ белсенділердің ықпалы жоқ еді, сондықтан жаңадан ашылған Молотов атындағы мұғалімдер институты мектепті жақсы бітірген Тұяқты бірден қабылдайды.
Екіжылдық институтты 1940 жылы бітірген жас маманды өкімет Қарсақпайда ашылған мектепке бірден директор етіп жібереді. Ол кезде мұнда қазақтың арда ұлдарының бірі Қаныш Сәтбаев та қызмет етеді екен. Тұяқ Кәмелов оның балаларына және жиені, болашақ даңқты археолог Кемел Ақышевке сабақ береді.
1941 жылдың қыркүйек айында, жоғарыда айтылғанындай, Тұяқ Кәмелов соғысқа алынады. КСРО-да әскерге жаппай шақыру 1939 жылы қабылданған «Жалпыға бірдей әскери міндет» деген заңға сәйкес жүргізіле бастаған. Осы заңға сәйкес мектеп директорларын соғыс қимылдары жүретін аймақтарға алу кейінге қалдырылатын еді. Алайда, оған қарамай Тұяқты бірден соғысқа әкетеді. Сөйтіп, кеше ғана «байдың баласы» деп мүйіздеп, күн көрсетпейтін Кеңес өкіметі енді өзін қорғауға келгенде оны алдына салады.
Сауатты жасты әскери комиссариат Батыс майданындағы 158-ші айрықша танк батальонына «башня командирі» етіп жібереді (Құжатта нақ осылай «башня командирі» деп көрсетілген). Бұл жерде жігіттің жоғары білімді екендігі ескерілген болуы керек, әйтпесе ауыр техниканың командирі болу әркімнің қолынан келе бермейді ғой. Оның үстіне, кабиналары шағын болғандықтан, ұшқыштар мен танкшілердің қатарына бойы шарғы, денесі шағын адамдарды жіберетін комиссариат бұл жолы Тұяқтың ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей зор тұлғалы екендігіне де қарамапты. Сөйтіп, жігітіміз «башня командирі» болып, қан майданға қойып кетеді.
2000 жылдың 15 наурызында Қорғалжын аудандық әскери комиссариаты бұл кезде марқұм болған Тұяқ Кәмеловтің қай жерлерде, қашан соғысқандығы туралы сауал жасаған зайыбы Г.Болғанбаеваға жауап бергенде оның 1941 жылдың 16 қыркүйегінен 1942 жылдың 15 маусымына дейін 158-ші айрықша танк батальонында болғанын жазыпты. Бұл жерде жауапты толтырған шенеуніктің салғырттығынан қателік кеткен секілді. Өйткені, сол мезгілдегі танк батальондарының кезек саны тегіс 300-ден жоғары сандармен нөмірленгенін интернеттен білдік. 1941 жылдың 23 тамызындағы бұйрығымен Қорғаныс министрі атқыштар дивизияларының қауқарын күшейту мақсатымен олардың құрамында 10-15 танкісі бар батальондар құру туралы бұйрық берген. Міне, осы батальондардың бәрінің де нөмірі 300 санынан жоғары етіп көрсетілген. Нақты айтқанда, 321, 322 және одан әрі қарай дегендей. 1941 жылы осындай 62 батальон құрылыпты. Тұяқ ағамыз осылардың бірінде қызмет еткен сияқты.
Ал енді 158 санына келетін болсақ, ол танк бригадасының нөміріне келеді. Нақ осындай танк бригадасы 1942 жылдың басында құрылып, Оңтүстік-батыс майданында соғысқан. Кескілескен қанды ұрыстардан кейін 1942 жылдың жазында демалысқа шығарылған бригада 64-ші армияның резервіне қойылған. «Башня командирі» Тұяқ Кәмелов те 15 маусымнан бастап Украин майданының 108-ші танк бригадасына рота старшинасы болып ауыстырылған. Осы жерден ол, 1942 жылдың қараша айынан бастап, Ульяновск қаласындағы Ленин атындағы танк училищесінің қысқа мерзімдік техник-лейтенанттар дайындайтын курсына оқуға жіберіледі.
1942 жылдың күзінен бастап ауыр танктер полкі (бұзып өтуші) деген әскери құраманың құрылғанын айта кетуіміз керек. Өйткені, осы жылдың көктем-жаз айларында жасалған Харьков шабуыл операциясында танктер тиімділік көрсете алмайды. Олар қарайтын ең үлкен құрама – корпустарда 150-дей танк болған. Осы танктердің бірі ауыр, бірі жеңіл және ең сорақысы – бірі бензинмен, бірі соляркамен жүреді екен. Осының өзі олардың ұтқырлығына зиян келтіріп, шабуыл кезінде бірлескен жедел қимыл жасай алмайды. Сондықтан жау бекінісін бұзып өте алатын, тек соляркамен жүретін, өңкей ауыр танктерден тұратын полк құру туралы шешім қабылданады. Оның үстіне, вермахтың бөлімшелеріне 1942 жылы көптеп түскен Pak-40 танктері біздің Т-60 және Т-34 секілді жеңілірек танктердің осал тұстарын біліп алып, оларды оп-оңай жайратып отырған.
Сондықтан да броны қалың, ауыр танктерден ғана тұратын құрама құру қажет болған. Осы ауыр танктер полктерінде 30 машинаға дейін болған. Олар КВ-1, КВ-2, ИС-1, ИС-2-мен қатар ленд-лиз арқылы келген британиялық «Черчилль» атты ауыр танктер еді. 4 ротадан тұратын полктің командирі полковник, рота командирі – майор немесе капитан, взвод командирлері – аға лейтенант, танк командирлері техник-лейтенант әскери шеніндегі адамдар болатындығы да директивада атап көрсетіледі. Жеке құрамның саны 214 адам, соның 105-і ауыр танктердің экипажы болғанда, 109-ы қосымша құрамға жататын. Осындай, барынша механикаландырылған, техникалық жағынан жетілдірілген құраманың танк командирінің бірі – 1943 жылдың қаңтар айында оқу курсын ойдағыдай аяқтап келген техник-лейтенант Тұяқ Кәмелов еді. Оны 103-ші гвардиялық, ауыр танктер полкіне танк командирі етіп тағайындайды. Осы құраманың сапында лейтенант Кәмелов өзінің ИС-1 танкісімен 1942 жылғы желтоқсандағы Сталинград түбіндегі шабуылдан бастап, Таман түбегін, Псков облысы мен Балтық бойын жаудан босатуға қатысады. Одан әрі Варшава-Познань, Шығыс Померан шабуылдарына қатыса отырып, Берлинді алу операциясының да бел ортасында жүреді.
Темір сауыттың ішінде отырса да қанды қырғынның қақ ортасында болып, шабуылдың алдыңғы шебінде жүрген есіл ердің 4 жыл соғыста алған жалғыз наградасы – «Германияны жеңгені үшін» медалі ғана екен. Бұл да 1945 жылы «Берлин операциясына» қатысқан барлық жауынгерлер мен офицерлерге берілетін болғандықтан тиген сияқты.
Кеңестік әсіреқырағы сорақылықтың бір көрінісін осы жерден байқауға болады. Соғысқа, қанды қырғынға аямай салса да, жауынгер жанын аямай қандай ерлік көрсетсе де награда беруге келгенде оларды алалап, әділетсіздік көрсетіп, «ата-тегінің дұрыстығы», яғни «бай баласы» немесе «халық жауының баласы» еместігі тексерілетін болған. Ондай жандар қанша ерлік көрсетсе де марапаттан құр қалып отырған. Сондықтан Т.Кәмеловтің де «бай баласы» екендігі алдынан шығып, ол өзіне тиісті құрметтен үнемі қағылып келіпті. Жанындағылар төстерін жарқыратып жүргенде мұның үнсіз қала бергені де сол. Тұяқтың Кенжалы деген ағасы Воронеж түбінде, Әлжан деген ағасы Сталинград майданында қаза табады.
Әрине, ет пен сүйектен жаралған адамның бәрінің де жүрегіне мұндай соққылар ауыр тиеді. Тұяқ та он екі мүшесі сау болып, елге аман оралғанына тәубе десе де көрген әділетсіздігін жүрегіне түйіп жүрген секілді. Оның үстіне «Көрмес – түйені де көрмес» дейтін салдыр-салақ, салғырт біреу емес, жоғары білімді әрі ақынжанды азаматтың кеңестік әділетсіздікке зығырданы қайнағаны күмәнсіз. Соғыстан кейін «халық жауы» деп атылған, алайда, қандастарына көп пайдасын тигізген «Алаш» қайраткерлерінің бірі, педагог, журналист, публицист Хайреддин Болғанбаевтың қызы Гүлнарға үйленгені де сол – Кеңес өкіметіне деген қиястықтан сияқты. Әйтпесе, соғыстан қол-аяғы сау болып, жеңіспен оралған жас офицерге ол кезде басқа қыз табылмаушы ма еді? Өзі ұстаз бола тұрып, оқушыларына да соғыс туралы әңгімелер айтпайды екен, керісінше, орыс мектебіндегі ұрпақтарына қазақтың эпостарын көп оқытыпты.
Жоғары білімді ұстаз Тұяқ Кәмеловті өкімет алдымен қазіргі Ақкөл ауданындағы Кеңес деген ауылдағы балалар үйіне директор етіп тағайындайды. Осы жерде дүниеге келген тұңғыш перзентін Тұяқ Орманкерей деп атайды. 1949 жылдан бастап Тұяқ туған ауылы Сабындыға ауысып, осындағы төртжылдық мектепті жетіжылдыққа, одан орта мектепке айналдырып, онда 10 жыл директор болады. Осында істеген жемісті жылдарын жерлестері ұмытпай, оны үнемі ризашылықпен еске алып отырады. Артынан Сабындыдағы орталық көшелердің біріне оның есімін бергені де сол құрметтің көрінісі екені анық.
Алайда... Тұяқ Кәмеловтің «байдың тұқымы» екендігі, одан «халық жауының» қызына үйленгендігі өмір бойы соңынан қалмайтын кесел болады. Соны ұмытпайтын «шолақ белсенділер» оның барлық еңбегін, халыққа жасаған қайырын тәрк етіп бағады. Компартия қатарына өтуіне де осы себептерді көлденең тартып, кедергі жасайды. Партия қатарына өте алмағандықтан, сол кездегі тәртіп бойынша, ол орта мектепке директор бола алмай, орнынан алынады. Ал орнына «АЛЖИР» лагерінде жансыз болып, талайларды көрсеткен біреуді қояды. Тұяқ бұған тіпті назаланып, соғыстан аман келген басы бейбіт өмірде жүрек дертіне шалдығады. Сөйтіп, 1964 жылы 45-ке енді келген шағында есіл ердің жүрегі сыр беріп, дүниеден өтеді.
Тұқаңның артындағы сегіз ұрпағын 37 жасында жесір қалған зайыбы Гүлнар Болғанбаева аман-есен өсіріп, бәрінің де жоғары білімді, білікті азаматтар болуына қол жеткізген. Өзі де жоғары білімді мұғалім болып, 1970 жылдан бастап, тоғыз жыл бойы күйеуі негізін қалаған мектептің директоры болады. Әкесі ақталып, қанатын кең жазуға қол жеткізген білікті ұстаз ақырында Ленин орденін де алады. Барлық балаларының қызық тұрмысын, еліміздің тәуелсіздігін көрген ана 2008 жылы 80-нен асқан шағында Астанада дүниеден озған. Жалғыз-ақ әкесі мен жарының әділетсіздіктерді көп көріп, өмірде қисынсыз соққыларға ұшырағанын ол өмір бойы ұмыта алмай, көкірегі қарс айырыла өкініп өткен екен.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.